Махамбет Досмухамбетов облыс халқына үндеу жасады

Облыс әкімі М.Досмухамбетовтың Атырау жұртшылығына үндеуі

Құрметті жерлестер, ардақты атыраулықтар!

Коронавирус деген инфекция қысқа уақытта әлемнің екі жүзге жуық мемлекетін шарлап кетті. Жұқтырғандар саны болса, жарты миллион адамнан асты.
Қауіптің алдын алу үшін елімізде дер кезінде төтенше жағдай жарияланды. Екі қаламыз Алматы мен Нұр-Сұлтанға карантин енгізілді.
Өкінішке қарай, бүгін Атырау қаласында да коронавирус инфекциясын жұқтырған үш адам анықталды. Үшеуінің де жағдайы қазір қанағаттанарлық. Тиісті емдеу шаралары жасалып, тұрақты бақылауда. Олармен қарым-қатынаста болған адамдардың барлығы анықталып, оқшауланды.
Аталған инфекцияның алдын алу үшін екі ай бұрын облыс әкімдігінде арнайы штаб құрылып, қауіпсіздік шараларына кіріскен болатынбыз. Карантиндік орындарды дайындап, халық көп жүретін жерлерге дезинфекция жасап, қаланың кіреберістеріне санитарлық посттар құрдық. Қажетті дәрі-дәрмектер мен аппараттарды алдық. Бүгіннен бастап тиісті жұмыстарды тіпті күшейттік.
​Құрметті жерлестер, арқаны кеңге салатын бұл тұмау емес, аса қауіпті әрі жылдам таралатын инфекция. Сондықтан жақындарымыздың қауіпсіздігін ерекше ойлауымыз керек. Әр азаматтың өзі үшін, отбасы мен туған-туысы үшін үлкен жауапкершілікті сезінетін мезгіл — дәл осы уақыт.
Қытай мемлекеті қатаң тәртіптің арқасында бұл дертті салыстырмалы түрде аз ғана адам шығынымен жеңіп шықты. Ал оған мән бермеген Еуропаның бірқатар елдерінде қауіпті инфекция бой бермей барады.
Бұны неге айтып отырмын?! Бізге қазір ең алдымен тәртіп керек!
Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының өзі «тәртіпке бағынған құл болмайды» дегенін білесіздер. Сондықтан бәріміз тиісті ережелерге бағынайық. Көп адам жиналатын іс-шараларға, туған-туысқа барып, той-тойлауда кейінге қалдыруларыңызды сұраймын.
Гигиеналық тазалыққа мән беріп, артық-ауыс жүрісті азайтқан абзал. Барынша үйлеріңізде болыңыздар. Бізге де ең үлкен көмектеріңіз сол болмақ. Сонда инфекцияның таралмауына, өзгелердің өміріне қауіп төндірмеуге өлшеусіз үлес қосасыздар.
Одан соң қазір сын айтып, мін тағып отыратын уақыт емес. Жалған ақпарат таратып, жамандық шақырып, халықты үрейлендірудің еш пайдасы жоқ. Керісінше, сын сағатта жұдырықтай жұмылып, бір-бірімізге қамқоршы, тілеулес болайық. Бір-бірімізге жанашырлықпен қарайық. Уатсап арқылы келген байбаламдарға ермей, ақпаратты тек ресми дерек көздерден ғана алуларыңызды сұраймын.
Құрметті атыраулықтар, бірлігіміз бен берекемізді, тәртібіміз бен тектілігімізді көрсете білсек, бұл да өтпелі кезең. Сынақтан сүрінбей өтерімізге сенемін.
Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Аман болыңыздар, абай болыңыздар!