Атыраулық мұғалімдер – республикалық байқаудың жүлдегерлері
Атыраулық екі педагог республикалық байқаудың жүлдегері атанды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Астанада Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі және «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығының қолдауымен ұйымдастырылған «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық конкурсында атыраулық екі педагог марапатталды.
Конкурстың мақсаты – қазақстандық педагогтердің цифрлық құзыреттілігінің жоғары деңгейін, авторлық әдістемелері негізінде сапалы білім беру бейнересурстарын жасау қабілетін көрсету.
Биыл байқауда Атырау облысының атынан бақ сынаған педагогтер керемет нәтиже көрсете білді. Атап айтсақ, Атырау облыстық №4 туберкулез санаторий-интернатының орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Гүлжан Сейталиева «Оқу сауаттылығы» бағыты бойынша жүлделі II орын иеленді.
Сондай-ақ, Құрманғазы ауданы, Абай атындағы жалпы орта мектебінің педагог-дефектологы Арайлым Қанатова «Әлеуметтік-эмоционалды сауаттылық» бағыты бойынша жүлделі III орын иегері атанды.
Конкурс барысында 1000-нан астам педагог өздерінің педагогикалық идеяларын бейнероликтермен көрсетті. Сценарий құрастырды, түсірілім ракурсын өз бетінше таңдап, монтаж жасады. Жұмыстар сабақ, практикалық немесе зертханалық жұмыс, семинар, мастер-класс, цифрлық білім беру ресурсы немесе бейнеподкаст түрінде қабылданды. Конкурстық жұмыстарды сарапшылардан құралған қазылар алқасы бағалады, олардың үздіктері республикалық кезеңге қатыстырылды және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Youtube арнасында жарияланды.
Арнаға жүктелген бейнесюжеттердің ішінде қазылар алқасы конкурстың әрбір бағыты бойынша YouTube-те ең көп қаралған бейнематериал үшін 1-ші, 2-ші және 3-ші дәрежелі дипломдар мен ынталандыру сертификаттарының иегерлерін анықтады. Аталған педагогтердің әрқайсысына ақшалай сертификаттар беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, конкурстың барлық марапаттау құжаты аттестаттау кезінде біліктілік санатын беру немесе оны растау үшін ескерілетін болады.