Бесікті ауылында 280 орындық балабақша салынып жатыр
Бесікті ауылында 280 орындық балабақшаның құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Атырау облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың мәліметінше, нысанға тапсырыс беруші облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы болса, бас мердігер – «ARSM» ЖШС. Екіқабатты балабақшаның жалпы ауданы – 2 901,4 м2.
Барлығы 280 орындық жалпы үлгідегі балабақша 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған. Оның ішінде кіші, ортаңғы, ересек топтарға 86 орын, мектеп алды даярлық тобына 22 орын қаралған.
Балабақшада сабаққа арналған мамандандырылған бөлме, үйірмелерге арналған, гимнастика және музыкалық сабақтарға арналған әмбебап зал, ойын, іс-шаралар өткізуге арналған бөлме, балалардың күндізгі ұйқысы үшін жатын бөлме, медициналық бөлме, ас блогы, жуу бөлмесі және персоналға арналған қызметтік-тұрмыстық үй-жайлар бөлмесі қарастырылған.
– Бүгінгі таңда балабақша құрылысы бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазір нысанның жер қазу жұмыстары бітіп, монолитті іргетасы мен цоколды қабаттың жарлары құйылып аяқталды. Ендігі кезекте бірінші қабаттың жабынды плиталарын құйуға дайындық жұмыстары жүруде. Нысанның тұрақты қоршауы жасалған және газ, электр, су желілері толығымен тартылған. Сондай-ақ қабырға қалауға арналған тастары толықтай құрылыс алаңына жеткізілді. Қасбеті керамикалық кірпіш тастармен қапталады, – деді Н.Құсайынов.
Аталған балабақша 2024 жылың екінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.