Қызылқоға қысқы мерзімге дайындығын пысықтады

Қызылқоға ауданы әкімдігінің мәжіліс залында қысқы мерзімге дайындық жұмыстарына арналған жиын өтті. Газ, су, электр желілері басшыларының жөндеу және дайындық жұмыстарының аралық қорытындыларын тыңдаған Қанат Әзмұханов негізгі мәселені талқылады, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Қызылқоға ауданы бойынша газ пайдаланып отырған заңды тұлғалар, портал арқылы «РЦКУ-Атырау», «РД Тех» және әр түрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестерімен техникалық қызмет көрсету шарттарына отырған. Алайда аудан бойынща газ пайдаланушы 5812 тұрғын үйдің 20 үйі техникалық қызмет көрсету шартына отырғызылған. Осы мәселені сынға алған аудан әкімі жұмыс жүйелеуді тапсырды.

«Аудан тұрғындарының басым бөлігі әлеуметтілік желілерде жеке тұрғын үй ішінен шыққан ақауларға байланысты жөндеу құзырына жатпайтын мекеме қызметкерлеріне шағымданады. Бұл жұмыстарды жүргізу «РЦКУ-Атырау» ЖШС қызметкерлерімен келісімшартқа отырған уақытта немесе жарық, судан шыққан ақауларға лицензиясы бар жеке кәсіпкерлер арқылы жүргізілетіндігін ақпараттандыруымыз қажет,– деді Қанат Әзмұханов.

Сондай-ақ, ол әрбір қызмет көрсетуші ұйым жедел қызмет көрсететін байланыс номерлерін, қызмет көрсету бойынша нұсқаулықтарын тұрғындарға ақпараттандыру қажет екенін айтты.

Аталмыш мәселе бойынша тұрғындардың қажеттілігін өтеп отырған газ, су, электр желілілері басшыларына тапсырылып, орындалысын бақылауға алу Е.Иғалиға жүктелді.

А.Ардаққызы