Биыл Атырауда ауылшаруашылығы өнімі 1,8%-ға артты
Биыл қаңтар және қыркүйек айларының аралығында Атырау облысындағы ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі 105,3 млрд теңгеге жетті. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,8%-ға артып отыр. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО хабарлайды.
ҚР-ның Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұржан Құмарғалиевтің мәліметінше, көрсеткіштің ұлғаюына әсер еткен факторлар баршылық.
– Жалпы нақты көлем индексінің өсуіне көбінесе әсер еткен мал шаруашылығы өнімінің 2,5%-ға ұлғаюы болды. Ал мал шаруашылығы өнімнің нақты көлем индексінің ұлғаюына Қызылқоға және Құрманғазы аудандарының ауылшаруашылық кәсіпорындары, сондай-ақ, аудандардың шаруа фермерлік қожалықтарындағы ет пен сүт өндірісінің ұлғаюы әсер етіп отыр, – деді Нұржан Құмарғалиев.
Сондай-ақ, ол биыл қаңтар және қыркүйек айлары аралығында құс басының азаюына байланысты жұмыртқа өндірісі 5 млн 154 мың 500 данаға жетіп, 73%-ға төмендегенін жеткізді. Алайда мал саны динамикасы бойынша соңғы 5 жылда ірі қара мал, жылқы және ешкі бастарының өскені байқалады.
– Ауыл шаруашылығына байланысты тағы бір қуантатын жайт – мүйізді ірі қара мен жылқы және ешкі мал бастарының өсімі. Нақтырақ айтатын болсам, мүйізді ірі қара малының саны бүгінде 221 305-ке, қой мен ешкі 650 488-ге, жылқы 118 590-ға жетсе, түйе 38 387 басты құрап отыр. Ал құс саны – 93 178, – деді ол.