Махамбет ауданында логопедиялық орталық ашылды
Махамбет ауданында «ДаМу» логопедиялық орталығының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО, Өңірлік коммуникациялар қызметіне сүйеніп.
Орталық психо-сөйлеу дамуының кідіруі (ЗПР), сөйлеудің жалпы дамымауы (ОНР), аутизм спектрінің бұзылуы, зейін тапшылығы мен гиперактивтілігінің бұзылуы (СДВГ), алалия, дизартрия және дислалиясы бар балаларды қабылдайды. Орталықтың бірегейлігі — дидактикалық принциптер негізінде сөйлеу бұзылыстарын кешенді дамыту, түзету және ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқыту. Орталық 2 жастан 15 жасқа дейінгі 100 балаға арналған және мұнда логопедтер, АВА терапевттер, АФК нұсқаушылары, білікті мұғалімдер жұмыс істейді. Сондай-ақ, өзге қалалардан келген тәжірибелі әріптестер онлайн және офлайн форматта мамандарды оқыту және біліктілігін арттыру үшін үнемі шеберлік сыныптарын ұйымдастырады.
– Қазіргі уақытта Махамбет ауданында тек мемлекеттік психологиялық-педагогикалық көмек көрсету кабинеті жұмыс істейді және бір мектепте логопед-дефектолог бар. Балалардың көп болуына байланысты кезектер пайда болады. Осы себепті көптеген отбасылар балаларды қаладағы орталықтарға апаруға мәжбүр. Мұны кез-келген отбасының жағдайы көтере бермейді. Сондықтан өткен жылы мен логопед ретінде өз кабинетімді ашуды шештім. Маған осындай диагноз қойылған 2 жасар қызыммен көбірек уақыт өткізіп, айналыса алатыным мен үшін қосымша мотивация болды, – деді «ДаМу» орталығының жетекшісі Назерке Самешова.
Айта кетейік, Н.Самешова «Жарқыра» бағдарламасының әлеуметтік кәсіпкерлеріне арналған байқаудағы жеңісінің арқасында өз орталығын кеңейтіп отыр. «Жарқыра» бағдарламасы Атырау облысында «Теңізшевройл» ЖШС-ның қаржылай қолдауымен «Әлеуметтік бағдарламалар және инновациялар қоры» ҚҚ-мен іске асырылуда. Осы байқауда Назерке 1 436 000 теңге сомасында пайызсыз несие және 530 000 теңге сомасында жеке бизнестен грант, сондай-ақ тәжірибе алмасу бойынша тағылымдамадан өту мүмкіндігін жеңіп алған.