Мәдениет - 08.11.2023

Суретшілер Одағының 90 жылдығына көрме ұйымдастырылды

Алматыда Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының 90 жылдығына арналған халықаралық мерейтойлық көрме ашылды. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО хабарлайды.

Көрмеге өңірлерден келген 250-ден астам кәсіби қазақстандық суретшілердің, сондай-ақ, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, Әзербайжан, Беларусь, Бурят, Литва, Тәжікстан, Украина және Молдова суретшілерінің туындылары қойылды.

Сонымен қатар, заманауи өнердің барлық жанрлары мен стильдері, әр түрлі көркемдік қозғалыстардың тоғысында жасалған, сапалы жаңа шығармашылық жаңалықтар мен жаңа пластикалық мүмкіндіктер бар туындылар ұсынылған.

Бұл көрме Қазақстандағы кескіндеме, графика, мүсін және сәндік-қолданбалы өнердің кәсіби форумы болып табылады.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі және Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы ұйымдастырды.