Н.Ноғаев жапониялық елшімен кездесті
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаимен кездесті. Бұл туралы Атырау облысы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасы хабарлады.
– Қазақстан мен Жапония арасындағы байланысты алға қарай дамыту жайы Елбасының сіздің елге сапарында талқыланған болатын, – деді Нұрлан Ноғаев. –Қазақстан Президенті жергілікті атқарушы билік органдары алдына инвестиция тарту мәселесін қойды. Шетелге қатысы бар мыңнан астам компания жұмыс істейтін Атырау облысы тек мұнай-газ секторында ғана емес, басқа да салаларда инвесторларға тартымды аймақ болып отыр . Біз экономиканың кез-келген саласындағы жобаларды қарап, сіздің тарапқа ұсынуға дайынбыз.
⠀
Жапонияның Қазақстандағы елшісі Тацухико Касаидің айтуынша, екі ел арасында берекелі байланыс орнаған. Жапондық бизнес-қауымдастықтың аймаққа деген қызығушылығы жоғары. Қазақстанда Жапония инвесторларының қатысуымен 80-нен астам компания жұмыс істейді. Атырау облысында 4 компания бар. Тіпті, Атырау облысы мен Жапонияның арасындағы тауар айналымы 250 млн. доллардан асқан.
⠀
Облыс әкімі бұл көрсеткішті әлі де арттыра түсу үшін тауар айналымын көбейтіп, инвестициялық жобаларды іске асыратын біріккен кәсіпорындар құру керектігін айтты.
⠀
Кездесуге Жапониядағы ірі мұнай өндіруші «Inpex Corp» компаниясының қазақстандық бөлімшесінің директоры да қатысты. Бұл Жапония бизнес қауымдастығының Атырау аймағына деген қызығушылығын аңғартады.
Еске салсақ, бұл облыс әкімінің Жапонияның ірі компанияларының жетекшілерімен алғашқы кездесуі емес. Бұдан бұрын да Атырауға аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерімен танысуға «Metal One Corporation», «Metal One Steel Products Corporation» секілді басқа да компаниялардың басшылары келген еді. Бұл кездесуде жапониялық инвесторлар Атырауда зауыт салуға ниетті екендерін мәлімдеді.
⠀
Мұнайлы өңірде «TokyoRope International» компаниясымен тығыз байланыс орнаған. Қазан айының басында компания Атырауда өз өкілдіктерін ашты. Компания алғашқы жобасын Алматыда жүзеге асырған. Содан кейін жапондық бизнес Атыраудағы жобаларға қызығушылық білдірді. «TokyoRope International» компаниясын Қазақстанға тарту ҚР Тұңғыш Президенті -Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға сапары кезінде мүмкін болды.
⠀
«TokyoRope International» компаниясы кеңсесінің Атырауда ашылуы бірнеше жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Жобалар қатарында Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмысы да бар.