Атырау облысының әкімі Атырау-Астрахан жолының жұмысымен танысты
Республикалық маңызға ие 277 шақырым тас жолдың бүгінде 60 шақырымында жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 6 шақырымға асфальт төселген. Бұл туралы Атырау облысы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасы хабарлады.
Құрылыс жұмыстарына 300-ге жуық адам, 150-ден астам техника жұмылдырылған. Жоспарға сәйкес, Атырау-Астрахан тас жолының 60 шақырымдық құрылысын аяқтау екі жылға жоспарланып отыр.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құрылыстың жағдайымен танысып, мердігер мекемеге бірқатар тапсырмалар берді.
«Бұл – еліміздегі маңызы бар тас жолдардың бірі. Көршілес Ресей елімен байланыстыратын тасжолмен көптеген көлік қатынайды. Сол себепті бұл жолдың сапалы және уақтылы тапсырылуы қажет. Бұл жұмыстар оңтайлы іске асса, жолаушылар уақытын екі есе үнемдейді. Сонымен қатар, Ресеймен екі жақты қарым-қатынас нығайып, сауда-саттық саласы дамитын болады» деді аймақ басшысы.
Атырау-Астрахан тасжолының ені 9 метр, конструкциялық қалыңдығы 65 см. болады. Тасжолдың бойында орналасқан барлық елдімекеннің тұсына мал өтетін өткелдер мен автобус аялдамалары, көлік тұрағымен қоса көпірлер салынбақ.
Тас жолдың 60 шақырымында жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан мердігер мекеме қалған 217 шақырым жолдың 80 шақырымын жөндеу үшін құжаттарды рәсімдеуде. Құжаттар реттелісімен жұмыстар басталатын болады.