Атыраудағы газдың тоқтауы нан өніміне әсер етпейді

Атырау қаласының сол жағалауындағы көгілдір отынның уақытша тоқтатылуы нан өнімінің көлеміне әсер етпейді деп хабарлайды Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Р. Давлетовтің айтуынша, апта басында «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесінің газ құбырларына кезекті жөндеу жұмыстары қаланың сол жақ бөлігіндегі нан өнімдерімен айналысатын мекемелердің қызметіне және сол жағалаудағы дүкен сөрелеріне нан өнімінің жеткізілуіне әсер етпейтін көрінеді.

Бұған дейін газ беру жұмыстарының уақытша тоқтатылуы жөнінде мәлімет тарағаннан кейін тұрғындар әлеуметтік желіде дүкен сөрелерінде нан өнімінің аздығын жеткізген еді.

«Қазіргі таңда, қала аумағында 15 наубайхана қызмет көрсетуде. Оның ішінде сол жағалауда 7 наубайхана, ал оң жағалауда 8 наубайхана орналасқан. Сол жағалауда газ өшірілгенімен, оң жағалауда орналасқан 8 наубайхана қарқынды жұмыс жасауда. Мысалы, «Даулет Нан» бұрын күніне 8000 дана нан шығарса, бүгінгі күні 17000 дана нан шығарып отыр. Ал «Каря» ЖШС бұрын күніне 1200 дана шығарса, бүгінгі күні 5000-6000 дана нан шығаруда» деді Р.Давлетов.
Оң жағалауда орналасқан наубайханалар нан өнімдерін халық сұранысына сәйкес, жеткілікті көлемде тасымалдап отыр. Сонымен қатар, супермаркеттерде өздерінің шағын наубайханалары бар, олар да өз тарапынан халықты нан өнімдерімен толықтай қамтамасыз етіп отыр.
Сонымен қанар, қала аумағында әртүрлі ұннан жасалатын өнім сататын дүкендер де аз емес деп мәлімдеді бөлім басшысы.

«ҚазТрансГазАймақ» мекемесі өткен аптада қаланың сол жағалауындағы газ 16–20 қыркүйек аралығында тоқтайтынын мәлімдеген еді.