Депутаттар «Қазпоштаны» қолдауға шақырды
Кеше Мәжілісте Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті мен Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеттерінің алғашқы бірлескен тақырыптық отырысы өтті. Оған аталған комитеттердің төрағалары Еділ Жаңбыршин мен Нұртай Сабильянов төрағалық етіп, халыққа қызмет көрсететін бірегей ұлттық оператор – «Қазпоштаның» қызметі мен даму перспективаларына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО ҚР Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Қазіргі уақытта «Қазпошта» еліміздің барлық өңірлерінде кең көлемде пошталық, логистикалық, қаржылық және агенттік қызметтер көрсететін бірегей ұлттық оператор саналады. Аталған компанияның жалпы республика бойынша 2700-ден астам бөлімшесі, бірқатар серіктес орындары, 2 мыңға жуық көлігі бар. Сонымен қатар, Германияда 3 фулфилмент және 16 сұрыптау орталығы мен айырбастау пункттері жұмыс істейді. 20 000-ға жуық қызметкердің 97 пайызын өндірістік қызметкерлер құрайды.
Басқарма төрағасы Әсел Жанасованың айтуынша, бүгінде компания қаржылық сын-қатерлерге қарамастан, ішкі жеткізілім мен импортқа, соның ішінде трансшекаралық электрондық коммерция нарығына, әсіресе Қытаймен электрондық сауданы дамытуға баса назар аударуда. Қазіргі таңда «Қазпошта» АҚ Ақтөбе қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында логистикалық хабтарды салуға жер телімдерін алды.
Биылғы қазан айында Астана қаласында фулфилмент орталығы бар, аумағы 10 мың шаршы метр болатын логистикалық хаб іске қосылмақ. Әсел Жанасованың пікірінше, ол электрондық сауда нарығында қазақстандық компаниялардың өсуіне мүмкіндік береді. Алайда Мәжіліс депутаттары Қазпоштаның ел аумағындағы жұмысын сынға алды. Соның ішінде, депутаттар ақшасы төленсе де газет-журналдардың ауылға уақытылы жетпейтінін, мамандардың жеткіліксіздігін, жалақының өте төмендігін, инфрақұрылымның нашарлығын, көліктің аздығы мен көптеген елді мекендегі пошта ғимараттарының тым ескілігін алға тартты.
Жиынды қорытындылаған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов «Қазпошта» халыққа қызмет көрсететін бірегей компания екенін айтты. Сондай-ақ, оларға шағын несие беретін функция енгізу керектігін, қажет болған жағдайда заңнамалық тұрғыдан қолдау қажеттігіне тоқталды. Ал Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин жекеменшік компаниялардан гөрі өзіміздің ұлттық операторға қолдау көрсетіп, қазір аталған компания қарқынды дамуға қадам басқанын атап өтті.