Мақат ауданында Байбақты атаның 200 жылдығы тойланады
Батыр, әулие Байбақты Қармысұлының мерейтойы Доссор кентінен солтүстіккке қарай орналасқан Тасқұдық деген жердегі зиратының басында атап өтілмек. Іс-шара 30 қыркүйекке жоспарланған. Бұл туралы Мақат ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Рухани-мәдени іс-шара алдымен Доссор кентінің іргесіндегі Байбақты ата ескерткішінің ашылуымен басталады. Кейін қонақтар мен тұрғындар Тасқұдық жеріндегі зиратқа барады деп күтілуде.
— Ол жерде баба рухына құран бағышталып, әрі қарай мәдени-спорттық шараларға кезек беріледі. Мәдени іс-шарада ақындар «Ерлігі елге еленген — Байбақты ата» атты мүшәйрада сынға түседі. Ал спорттық сайыстар кір тасын және қой көтеру, қол күресі, ләңгі тебу бойынша өтеді. Жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан ақшалай сыйлыққа ие болмақ. Сонымен қатар, ұлттық киім киіп келген қонақтардың арасынан да үздіктері таңдалып, оларға да қаржылай жүлде қарастырылған. Бағдарлама соңы қонақтарға арналған ас беруге ұласады,-деді ұйымдастыру алқасының төрағасы Дүйсенбай Кариев.
Айта кетейік, Байбақты Қармысұлы 1823-1914 жылдары Жем өзенінің төменгі сағасы Айранкөл, Шатпакөл деген жерлерде ғұмыр кешкен. 1853-1860 жылдары Маңғыстау, Үстірт, Жем, Елек бойы қазақтарының патшаға қарсы көтерілісінде ерекше белсенділік көрсеткен. Өмірінің соңғы кезеңінде молдалық жолға түсіп, тақуалықпен өткізген.