300 мың теңге жалақы: Р.Зайытовтың ұсынысына жауап берілді
Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың ең төменгі айлық 300 мың теңге болуы керек деген ұсынысына пікір білдірді, деп хабарлайды «Батыс-Инфо» ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
— Ең төменгі еңбекақы деген – біліктілігі жоқ жұмысшының ешқандай үстемеақысыз айлығы. Яғни, әр жұмыс беруші осыдан төмен төлемеуі керек. Еңбек инспекциялары тексерген кезде мұндай фактілер анықталса, айыппұл салынуы мүмкін, – деді вице-премьер.
Премьер-Министр орынбасарының пайымынша, Мәжіліс депутатының ұсынысы экономиканың деңгейіне сай келмейді.
— Мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктерін ескерулеріңіз керек қой. Қазір орташа айлық 365 мың теңгеден сәл жоғары. Осыдан алып есептеп көрсеңіздер, бүгінде біздің экономиканың деңгейі мен жұмыс берушілер осындай деңгейде ғана төлей алады. Бізде ең төменгі еңбекақы 3-4 жыл бұрын 28 мың теңге болған. Кейін 42 500-ден 60 мың, 70 мың болып өсті. Енді 85 500 ету қарастырылып отыр. Бұл алдыңғы көрсеткіштерге қарағанда өсім ғой, – деді Тамара Дүйсенова.
Фото baq.kz сайтынан алынды