Ресей: «Геноцид ұйымдастырмадық»
Ресей билігі Гаагадағы халықаралық соттан геноцидке қатысты өздерінің үстінен Украина қозғаған істі тоқтатуын өтінді.
БҰҰ-ның халықаралық сотындағы ресейлік өкілдер Украина бастамашы болған геноцидке қатысты қылмыстық істің ешқандай заңды негізі жоқ деп біледі. Олардың айтуынша, Киевтегі ресми биліктің «Украинаның шығыс бөлігінде орыс әскерилері геноцид ұйымдастырды» деген айыптауы – қып-қызыл жала.
Ресей тарапынан сөз алған өкіл Кремльдің позициясын баяндай келе, өздерінің көрші мемлекетке әскер кіргізуін НАТО-ның 1999 жылы Сербияға әуе соққысын жасауымен бірдей екенін мәлімдеді.
Ал Украина жағы геноцидке тікелей Ресейдің жауапты екенін айтып, «өздерінің агрессиялық әрекетін ақтап алу үшін Ресей өкілдері БҰҰ қабылдаған конвенциядан айналып өтудің жолын қарастыруда» деді.
Аталған іс бойынша тыңдалым 18–27 қыркүйек аралығында өтеді деп жоспарлануда. Жалпы, бұл отырыс Ресейдің Украина тарапынан тағылған айыптарға жауабы үшін ұйымдастырылып отыр.
Халықаралық соттағылар істі одан әріге созу-созбау мәселесін қарау үшін бірнеше апта немесе бірнеше айды сарп ету мүмкін. Егер геноцидтің болғаны расталса, бұл «әңгіменің» ондаған жылға созылатынын жоққа шығаруға болмайды.
Қос мемлекет арасындағы дауға араласып жатқан БҰҰ жанындағы халықаралық соттан бөлек, Халықаралық қылмыстық сот та «әскери қылмысқа қатысы бар» және «адамзатқа қарсы қылмыс ұйымдастырды» деген айыппен белгілі бір тұлғалардың үстінен қозғалған бірнеше істі қарап жатыр.