Түрмеде 11 жыл отырған қарт әйел бостандыққа шықты
Атырауда есірткі сатқаны үшін 11 жылын әйелдер түзеу колониясында өткізген 63 жастағы әйел адам бостандыққа шықты. Бұл туралы Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кету керек, бұл әйел адам – еліміздегі қарт сотталғандардың бірі.
Жамбыл облысының тумасы Рабиға Тараз қаласында есірткі сатумен айналысқан. 2010 жылы Тараз қаласында героин сату кезінде құқыққорғау қызметкерлерімен ұсталды. Сот үкімімен 15 жылға сотталып, мүлкі тәркіленген.
Сотталғаннан кейін Қазақстанның түрмелерінде жазасын өтеп, кейін Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментіне қарасты УГ-157/11 мекемесіне жеткізілді.
– Алайда ҚР ҚПК сәйкес жазасын өтеуші 2020 жылдың наурыз айында мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шықты. Оған қажетті құқықтық-әлеуметтік көмектер көрсетіп, күтіп алуға туыстары шақырылды. Жаза өтеу барысында мекемеде тәртіпті болып, құқықбұзушылықтармен көзге түскен жоқ. Әрі қарай ол туралы мәлімет Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД жіберілді, – дейді УГ-157/11 мекемесі бастығының орынбасары Медет Аджикулов.
Сотталған Рабиғаның айтуынша, ол бірден Тараздағы үйіне қайтып, туыстарымен кездеспекші. Содан кейін Тараз қаласын аралап, өзі түрмеде болған кезде дүниеден өтіп кеткен туыстарының бейітіне құран бағыштамақшы.
– 11 жылда көп нәрсе жоғалттым. Жасаған қылмысыма өкінумен болдым. Қартайған кезімде немере-шөберемді ойнатудың орнына, қылмыс жасадым. Мекеме қызметкерлері мені тәрбиелеп, дұрыс жолға салды. Қалған өмірімді тыныштықта өткізгім келеді, – дейді бостандыққа шыққан Рабиға.
Рабиға жасы келіп қалғандықтан, жұмыс істемейді. Алайда оған әрі қарай да қажетті көмектер көрсетілетін болады.