Jusan Bank пен АТФБанк қосылады

Jusan Bank пен АТФБанк акционерлерінің бірлескен жалпы жиналысында АТФБанктің Jusan Bank-ке қосылуы туралы шешім қабылданды.

– Қосылу нәтижесінде Jusan Bank активтер мен капитал көлемі бойынша Қазақстанның ең ірі банктерінің үштігіне кіретін болады. Осылайша, бірігу аяқталғаннан кейін Jusan Bank активтерінің көлемі шамамен 3 трлн. теңге болады, – делінген АТФБанктің ресми сайтында жарияланған ақпаратта.

Jusan Bank Директорлар кеңесінің төрағасы Шигео Катсу қаржылық позициялары берік және цифрлық сервистері аса ыңғайлы сенімді әрі заманауи банк құру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтады.

– Клиенттік базаларды біріктірудің және алдыңғы қатарлы заманауи технологияларды енгізудің арқасында қосылғаннан кейін нарықтағы 10 пайыздан асатын үлесіміздің одан әрі қарқынды өсетініне сенімдіміз, – деді Шигео Катсу.

Екі қаржы институтының қосылуының нәтижесінде Jusan Bank бүкіл еліміз бойынша 1,1 мың бірліктен асатын ең ірі банкоматтар желісін және 180-нен астам бөлімшелерді қамтитын болады. АТФБанктің Jusan Bank-ке қосылу үдерісін осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.