Атырау–Астрахан тасжолында «КамАЗ» көлігі аударылды

Атырау облысы бойынша экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 наурыз күні сағат 13:10-да Атырау облысы, Исатай ауданы, Х.Ерғалиев ауылы маңындағы Атырау–Астрахан тасжолының айналма жолында «Гелиос» ЖШС-не тиесілі мемлекеттік тіркеу нөмірі 267 AB 06 дизель отынын тасымалдайтын «КамАЗ» көлігі аударылған.

Апат салдарынан төгілген дизель топырақты ластады.

Аталған факт бойынша Атырау облысы бойынша экология департаменті мамандары оқиға орнына барып, жоспардан тыс тексеру жүргізген. Химиялық талдау үшін топырақ сынамалары алынып, фотосуреттер мен бейнежазбалар жасалды.

– Тексеру нәтижесінде «Гелиос» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 291 700 теңге айыппұл салынды. Және болған жағдайды жою туралы нұсқамалар берілді.

«Гелиос» ЖШС өз тарапынан ластанған аумақты жою бойынша тиісті жұмыстар жүргізген. Қазіргі таңда аумақ тазартылды, – деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.