2 әйел жүргізуші куәлігінен айырылды
Атырауда мереке күндері мас күйде рульге отырған екі әйел жүргізуші куәлігінен айырылды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 7–8 наурызда патрульдік полиция қызметкерлері мас күйде көлік басқарған 2 әйелді ұстаған.
– Мәселен, 7 наурыз түнгі сағат 02:30 шамасында Ә.Молдағұлова көшесінің бойында «Toyota Ipsum» автокөлігі тоқтатылды. Тексеріс кезінде аталған автокөліктің 40 жастағы жүргізушісінен ішімдіктің иісі байқалған. 8 наурызда таңғы сағат 05:30 шамасында Вокзал маңы-5 ықшамауданынан тоқтатылған «Toyota Camry» автокөлігінің жүргізушісі – 39 жастағы әйелден де алкогольдік ішімдіктің иісі шыққан, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Медициналық сараптаманың корытындысымен екі жүргізушінің де жеңіл дәрежедегі мас екендігі анықталған. Мас күйде көлік басқарған жүргізушілерге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 608-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, сот шешімімен 7 жылға жүргізуші құқығынан айырылды.