Президент Kaspi.kz-тің негізін қалаушылармен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушыларды қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Кездесу барысында Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның қазіргі жұмысы мен жетістіктері туралы айтты.
Президентке ірі жаһандық инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығы артқаны жөнінде мәлімет берілді. Бұған Kaspi.kz акцияларының Лондон қор биржасына ашық түрде сәтті орналастырылуы себеп болды.
Сонымен қатар, кездесуде қолма-қол ақшасыз төлем көлемінің өсуі және оның қолданылу аясын кеңейту, компанияның қатысуымен мемлекеттік цифрландыру жобаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен Kaspi.kz компаниясының бірлескен жұмыстарының перспективалық бағыттары белгіленіп, Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытуға қатысты мәселелер нақтыланды.