Қазақстандық дәрілердің қай елдерге экспортталатыны белгілі болды
2020 жылы пандемия кезінде елдің ішкі нарығын фармацевтикалық өнімдермен қамтамасыз ету мәселесі өткір болды. Осыны ескере отырып отандық өндірушілер 2020 жылдың қорытындысы бойынша саладағы өндіріс көлемін 47%-ға өсірген. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлайды.
— Бұған отандық кәсіпорындарда шығарылатын өнім көлемінің ұлғаюы себеп болды. Бұдан басқа көрсеткіштердің өсуіне «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы арқылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттарды жеткізудің ұлғаюы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға халықтың жоғары сұранысына байланысты бөлшек саудада өткізудің ұлғаюы мұрындық болған, — делінген хабарламада.
Мәселен, «Химфарм» АҚ шығаратын өнім көлемі 2 есеге артқан. Сонымен қатар, компания кейінгі 2 жылда экспорт көлемін 2,5 есе арттырды. Бүгінгі таңда кәсіпорынның дәрілік препараттары Орталық Азия және ЕАЭО нарықтарында кеңінен сұранысқа ие. Сондай-ақ, өнімдер Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Моңғолия және Ресей сияқты елдерге экспортталады. Биыл Өзбекстан нарығына шығу арқылы экспортты екі есеге арттыру жоспарлануда.
Маңызды сын-тегеуріндердің бірі — Еуропалық Одақтың дәрі-дәрмек нарығына шығу. Осылайша, 2023 жылға қарай экспорт көлемін 16 млрд. теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған. Бүгінгі таңда кәсіпорын қоржынында 11 өндірістік желіде өндірілетін 9 түрлі формадағы 120-дан астам дәрі-дәрмек атауы бар.