Оқиға орнынан із суытқан әйел анықталды
Атырау облыстық ПД-ның хабарлауынша, 14 ақпан сағат 11:10 шамасында 102 операторына 77 жастағы қала тұрғыны қоңырау шалып, көше бойында орналасқан электр бағанасына түнгі уақытта белгісіз автокөлік соқтығысып, оқиға орнынан кетіп қалғаны жөнінде хабарлама берген.
Хабарламаны тексеру барысында, сол күні сағат 05:20 шамасында электр бағанасына соқтығыс жасап, оқиға орнынан кетіп қалған маркасы «Ваз 2114» автокөлігінің 23 жастағы әйел жүргізушісі екендігі анықталды.
Аталған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлімімен «көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылыс жайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы» және 611-бабының 2-бөлімімен «жүргізушінің жол жүрісі қағидаларын бұзып, өзi қатысушы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалуы» әкімшілік хаттамалар жасақталып, жинақталған іс-құжаттар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Айта кетсек, жыл басынан бері қала аумағында электр бағаналарына соқтығысу бойынша 10 факті тіркелген, соның ішінде 4 жүргізуші ІІО-на хабарламай оқиға орнынан кетіп қалған.