Атырауда Ғұламалар кеңесінің кезекті ХХІХ мәжілісі басталды

Бүгін Атырау қаласында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Ғұламалар кеңесінің кезекті ХХІХ мәжілісі басталды. Бұл туралы amin.kz хабарлайды.

– Ғұламалар кеңесі шариғатымыздың негіздеріне сүйене отырып, қоғамда мұсылман қауымы арасында туындап отырған көкейкесті, түйткілді мәселелерді талқылап, дер кезінде шешімдер шығарып, пәтуалар мен концептуалды құжаттар қабылдайды, – деді кеңес жұмысын ашқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Оның айтуынша, кеңес өткен жылы 14 пәтуа, 4 құжат, 4 ереже, ал онлайн режимде 11 мәлімдеме, 7 үндеу, 2 пәтуа қабылдаған. Пандемия кезінде әлемнің дін көшбасшыларын бір мезетте дұға жасауға үндеп, карантин жағдайында намаз оқу, жерлеу рәсімдеріне қатысты пәтуа шығарған.

Ғұламалар кеңесінің ХХІХ мәжілісінің күн тәртібінде 4 концептуалды құжат пен 5 пәтуа талқыланбақ.

Атап айтқанда, «Үздіксіз білім беру» тұжырымдамасы, «Мұсылманның ғаламтордағы келбеті», «Исламдағы жастардың тұлғалық бейнесі», «Зекет жинау мәдениеті» сынды құжаттар мен «Екпе егу үкімі», «Төлем карталарын қолдану үкімі», «Сақтандыру қызметі үкімі», «Баланы қамқорлыққа алу үкімі» секілді пәтуалардың жобасы қаралып, қабылданбақ. Кеңес жұмысы ертең де жалғасады.