73 жастағы дәрігер вакцина салдырды
Атырауда 73 жастағы дәрігер коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың мәліметінше, Атырауға вакциналау басталардан бір күн бұрын «Спутник-V» вакцинасының 1 000 дозасы жеткізілген. Вакцина салу үшін Атырау қаласында – 16, ал аудандарда 8 арнайы орын дайындалған.
– Дәрігерлермен бірге, коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші компонентін алдым. Вакцинация аздап ауырсынумен қатар жүрді. Бірақ бірінші кезеңнен кейін жанама әсері болған жоқ. Вакцина алу – Covid-19 қауіпті вирусын жұқтырмаудың басты жолы, – дейді Бақытгүл Хаменова.
Вакцина салдырған дәрігерлердің арасында 73 жастағы хирург Марат Есжанов та бар. Оның айтуынша, вакцинаның жанама әсері жоқ.
– Мен де 1 ақпанда әріптестеріммен бірге коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші кезеңін алдым. Дене қызуы, әлсіздік, бас айналу секілді әсерлер, басқа да асқынулар болған жоқ. Вакцинациядан кейін 10– 15 минут дәрігерлер бақылауында болдық. Кейін күнделікті жұмысымызға кірістік, – дейді Марат Есжанов.