Тұрғын үй қорын басқаратын бірыңғай оператор құрылмақ
Қазақстанда тұрғын үй қорын басқаратын Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы құрылады. ҚазАқпараттың хабарлауынша, бұл туралы Үкімет отырысында тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдерін жариялаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтқан.
– Жалдау ақысын субсидиялау тетігін іске асыру үшін «Отбасы банкі» өкілетін күшейту ұсынылады. Бұл механизмде, сондай-ақ, жалға берілетін тұрғын үй пулдарын қалыптастыратын, тұрғын үй қорын басқаратын және жалға алушылармен шарт жасайтын Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторын іске қосу ұсынылады, – деді Бейбіт Атамқұлов.
Сонымен қатар, ол жеке тұрғын үй қорының жалдау ақысынан 21 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жалға алуды субсидиялау ұсынылып отырғандығын айтты.
Оның айтуынша, баспана алу кезегінде тұрған азаматтардың саны жыл сайын 50 мыңға дейін артуда. Бүгінгі таңда ол 548 мыңға жеткен.