Өрттен бір отбасының 5 баласы қаза тапты
Жамбыл облысының Жаңатас қаласындағы 5 қабатты тұрғын үйдің 3-ші қабатынан өрт шығып, 16 шаршы метр аумақ қызыл жалынға оранды. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімдігі хабарлайды.
Пәтер ішінде ата-ананың қарауынсыз кәмелет жасына толмаған 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылғы бес бала қалып қойған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, балалардың әкесі жұмыста болған, ал анасы дүкенге шығып кеткен. Өрт салдарынан кәмелет жасына толмаған балалар түтінге уланып, жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Алайда араға біраз уақыт салып олардың барлығы көз жұмды.
Оқыс оқиғаның себебін анықтау үшін Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамына прокуратура, полиция департаменті, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері енген.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қара жамылған отбасыға жан-жақты көмек көрсетілмек. Психолог мамандар жұмылдырылып, жерлеу шараларын ұйымдастыруға жәрдем беріледі.
Жаңатасқа Жамбыл облыстық ТЖД басшысы мен жедел топ, жылжымалы өрт-техникалық зертхана, өрт сөндіру қызметі мен апаттық-құтқару қызметінің психологтары шықты.
Оқиға орнында өрт сөндіру қызметінің 6 қызметкері мен 1 дана техника жұмыс атқарды. Өрт толығымен ауыздықталды.