Жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрген 25 шетелдік анықталды
Атырау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, 1–5 ақпан аралығында өтіп жатқан «Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында 200-ден астам шетелдік азаматқа түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Атырау қаласына қарасты Жұлдыз, Томарлы, Көктем, Ақжар, Еркінқала, Балауса, Жұмыскер, Ракуша, Алғабас, Тасқала, Көкарна, Водников елдімекендеріндегі жеке тұрғын үй секторлары, саяжайлар тексерілді. Нәтижесінде өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ 25 шетелдік Атырау қаласы ПБ-ның Қабылдау тарату орнына жеткізілді.
Қазақстан Республикасы көші-қон заңдылықтарының бұзылуы бойынша барлығы 119 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы ӘҚБК-нің 517-бабының 4-бөліміне «Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның заңнамада белгіленген мерзім өткеннен он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтаруынан көрінген» сәйкес 84 Өзбекстан Республикасының азаматы, Қазақстан Республикасы ӘҚБК-нің 517-бабының 5-бөлімімен «Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада көсретілген мақсаттарға сәйкес болмауы» 35 Өзбекстан Республикасының азаматы, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы ӘҚБК-нің 518-бабының 1-бөлігімен «Қабылдаушы тұлғаның шетелдіктерді болуының белгілі құжаттарды рәсімдеу жөнінде шара қолданбауы» 41 Қазақстан Республикасының азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ал сот шешімі бойынша 2 шетелдік ел аумағынан шығарылды.