Индербор кентінде 1 292 пәтер салынады
Атырау облыстық коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұл туралы бүгін өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстар туралы есеп берген Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауи айтты.
– Индербор кентінің оңтүстік-батыс бөлігінен ауданы 35 га. болатын Көктем ықшамауданында 20 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл – 1 292 пәтер. Және 4 әлеуметтік нысан салу жоспарда.
Аталған нысандар бойынша қазіргі уақытта 5 қабатты 80 пәтерлік бір тұрғын үйдің, 4 қатарлы 48 пәтерлік төрт тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен қатар, инжнерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілуде. Бұдан бөлек, 5 қабатты 80 пәтерлік 2 тұрғын үйдің құрылысына мердігер мекеме анықталып, келісім-шарт жасалды, – деп атап өтті Мейірім Қалауи.
Қазіргі уақытта Индер ауданы бойынша 13 жобаның құрылысы жүргізілуде. Олардың қатарында Индербор кентіндегі «Көктем» ықшамауданындағы төрт қабатты 48 пәтерлік 4 тұрғын үй, 5 қабатты 80 пәтерлік бір тұрғын үй, Көктем қазақ орта мектебіне 80 орындық жапсаржай және инженерлік коммуникация, Индербор кентіндегі спорттық ойын алаңдарының құрылысы, Жарсуат ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, 4 қатарлы 48 пәтерлік 4 тұрғын үйге дейінгі су және кәріз желісінің құрылыстары бар.