Қазақстанда арақ өнімі көбейді

«Коронадағдарыс» кезеңінде қазақстандықтар бұрынғыдан көбірек арақ іше бастаған. Осы бағытта зерттеу жүргізген energyprom.kz былтыр арақ сатылымы мен ликерлі-арақ өнімдерінің өндірісі 20 пайызға артқанын анықтады.

– 2020 жылдың қаңтары мен желтоқсаны аралығында арақ өндірісі 2019 жылмен салыстырғанда 14 пайызға немесе 22,2 млн. литрге артқан. Ал 2019 жылғы көрсеткішті алып қарасақ, 2018 жылы бұл көрсеткіш (өндіріс көлемі) 38,7 пайызға азайған еді. Қазіргі уақытта Қазақстанның 17 өңірінің алтауында арақ өндірісі жолға қойылған. Әсіресе Ақмола облысында басқа өңірлерден қарағанда 7,5 млн. литрге көбірек өндіріледі. Одан кейін орындарда Солтүстік Қазақстан мен Алматы облысы тұр, – делінген зерттеуде.

Бөлшектеп сатқан кезде елде арақтың бір литрінің орташа бағасы 3 203 теңгені көрсетіп тұр.

– Ең қымбат арақтар ірі қалалар мен мегаполистерде сатылады. Елордада арақтың литрінің орташа бағасы – 3 962 теңге. Бағаның қымбаттығы жағынан одан кейін орындарда Атырау (литрі 3 931 теңге) мен Ақтау (литрі 3 578 теңге) тұр. Ең арзан арақ Семей (литрі 2 698 тг.), Өскемен (литрі 2 702 тг.) және Таразда (литріне 2 736 тг.) екен.

Арақ Қазақстаның барлық аймағында қымбаттаған. Бұл фактор әсіресе Қызылорда және Көкшетау, Қарағанды қалаларында байқалады.