Зейнетақы жинағын ЭКО процедурасына қолдануға болады
Қазақстанға экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) процедурасы үшін зейнетақы жинағын қолдануға рұқсат беріледі. Бұл туралы «Отбасы банкінің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.
– Енді зейнетақы жинағын алуға қатысты ережеде сегізінші мақсат қосылды, ол «көмекші репродуктивті әдістер мен технологиялар» деп аталады. Мұның ішіне экстракорпоральді ұрықтандыру процедурасы да кіреді, – дейді Ләззат Ибрагимова әлеуметтік желі арқылы өткен тікелей эфир барысында.
Оның айтуынша, зейнетақы жинағын қолдану ережелерін Денсаулық сақтау министрлігі келесі аптада жариялайды.
– Келесі аптада бұл ережелер заңды күшіне енеді деп күтіп отырмыз. Сәбилі болуға қатысты мәселелері бар отбасылар зейнетақы жинағы есебінен ЭКО жасау мүмкіндігіне ие болады, – дейді ол.