Сушидан уланған жылыойлықтардың жағдайы белгілі болды
Атырау облысының Жылыой аудандық орталық ауруханасына 28 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында тамақтан улану шағымымен 43 науқас түскен еді. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта оның 38-інің жағдайы жақсарып үйлеріне шығарылды.
– Бес күнде аудандық ауруханаға 43 тұрғын улану шағымымен түскен болатын.
Барлығында жүрек айну, құсу, іш өту симптомдары байқалды. Бүгінгі мәлімет бойынша, олардың 38-інің жағдайы жақсарып, үйлеріне жіберілді.
Қазіргі уақытта аудандық ауруханада 5 науқас ем алуда. Олардың жағдайлары қалыпты.
Анализ қорытындылары жақсарған жағдайда, емделушілер кешікпей үйлеріне шығарылады, – деді Жылыой аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Клара Тағамбаева.