Ресей Әблязовты сырттай соттады
28 желтоқсанда Мәскеудің Таган соты қазақстандық БТА банктің бұрынғы төрағасы, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовті сырттай 15 жылға соттады. Бұл туралы centralasian.org хабарлады.
Ресей бас прокуратурасының ақпаратында Әблязовтің Ресейден 60 миллиард рубль жымқырғаны айтылған.
Ресей құқық қорғау органдары Әблязов пен оның серіктерін «алаяқтық», «қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру» және «топ ұйымдастырып, үлкен көлемде залал келтіру» баптары бойынша айыптаған.
Сот БТА банктің бұрынғы қызметкерлері Анатолий Ерещенко мен Александр Удовенкоға – 13 жыл, Татьяна Параскевичке – 12 жыл, Игорь Кононкоға 10 жыл түрме жазасын берген. Бәріне де үкім сырттай шыққан.
Одан бөлек, «банкке келген 173 миллиард рубль зардаптың орнын толтыруды» талап еткен азаматтық шағым да қанағаттандырылған. Шағым негізінде Әблязовтің офшор компанияларындағы есепшоттары мен жер телімдеріне және өзге айыпталушыларға тиесілі құны 24 миллиард рубль болатын мүлікке бұғау салынған.
Тергеу ақпаратына қарағанда, Әблязов пен оның серіктері 2006–2009 жылдары БТА Банктен 58 миллиардтан астам рубль жымқырған. Ол өзіне қарасты компанияларға банк үлестірген бірқатар несиені қайтаруды талап ете алатындай құқық берген. Соның арқасында бұл компаниялар банкке тиесілі қаражатты иемденіп кеткен.
Әблязов Қазақстаннан 2009 жылы кеткен. Қазір Францияда тұрып жатыр.
Оның адвокаты Жерар Чолакян Әблязовқа Қазақстанда қозғалған «7,5 млрд доллар қаржы жымқыру ісі» бойынша айып тағылып отырғанын хабарлады.
2017 жылы Қазақстан соты Әблязовты «ақша жымқырды», «қылмыстық топ құрды» деген айыппен 20 жылға бостандығынан айыруға сырттай үкім шығарса, 2018 жылы қарашада «2004 жылы Тұран-Әлем банктің басшысы Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берді» деген айыппен сырттай өмір бойына соттаған.
Әблязов бұл айыптардың ешқайсысын мойындамайды.