«ТШО» тағылған айыптарға қатысты пікір білдірді
«Теңізшевройл» компаниясы өкілдері кен орнындағы жемқорлық пен улы қалдықтарға назар аударуды сұрап видеоүндеу жасаған қызметкерге қатысты пікір білдірді.
Хабарламада «Теңізшевройлдың» өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратыны, адамдардың денсаулығы және қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғауға басты назар аударатыны туралы жазылған.
– Қазақстандық экологиялық заңнамаға сәйкес, ТШО атмосфералық ауаның мониторингін қамтитын өндірістік экологиялық бақылау жүргізіп тұрады. Және барлық сынамаларды іріктеу мен талдауды заманауи және сертификатталған жабдықтармен жабдықталған аккредиттелген зертханада білікті мамандар жүргізеді. Ал ӨЭБ нәтижелері туралы есептер тоқсан сайын Атырау облысы бойынша экология департаментіне жіберіледі, – делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар, ТШО 2009 жылы ілеспе газды үнемі жағуды толықтай тоқтатты және бүгінде ілеспе газдың 99% -дан астамы кәдеге жаратылған.
Ал қызметкерлерді жұмысқа қабылдау үрдісі ашық және меритократия қағидаттарына сүйене отырып қаралады. ТШО барлық әлеуетті үміткерлерге тең қол жетімділікті қамтамасыз етіп, бос жұмыс орындары туралы ақпараттарды компанияның веб-сайтына іледі.
Айта кетсек, 12 желтоқсанда өзін «Теңізшевройлдың» экс-қызметкері деп таныстырған ер адам екі видеоүндеу жасап, мұнай-газ кен орнындағы жемқорлық пен улы қалдықтарға назар аударуды сұраған. Видеолар Instagram желісіндегі Kris P Brothers️️️ тобында жарияланды.
– Мен 2016–2019 жылдар аралығында «Теңізшевройл» компаниясында жұмыс істеп, айына бір миллион теңгедей жалақы алдым. Бірақ айналамда тамыр-таныстық пен жемқорлық жайлап кеткендіктен өзімді бақытсыз сезіндім. Барлық қызметкер біреудің туысқаны болды. Салауатты бәсекелестік болған жоқ. Одан бөлек, экологияға да біраз залал келтірілді, – деді ол.
Желі қолданушылары ер адамның үндеуіне қатысты әртүрлі пікір қалдырған. Бірі ролик авторымен келіссе, енді бірі ер адамның шынайылығына күмәнмен қараған.