Атырауда «Ашық әкімдік» ашылды
Қалалық әкімдік баспасөз қызметінің хабарлауынша, фронт-офистің ашылу салтанатына ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысқан.
Жаңа жобаны Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев таныстырды.
Басты міндет – мемлекеттік орган мен халық арасындағы байланысты нығайту.
Қалалық әкімдіктің бірінші қатарында орналасқан жаңа жобаның аумағы – 328,9 шаршы метр.
Фронт-офисте қалалық әкімдіктің 5 маманы халықпен жұмыс жасайды. Тұрғындар жер қатынастары мәселесі, әлеуметтік қамту және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бағытындағы мемлекететтік қызметтерді осы жерден оңай пайдалана алады.
Жалпы жоба әкімдікке келген азаматтардың барлық мәселелерін шешуге жұмыстанады. Өйткені бұл жерде қалалық әкімдіктің жалпы бөлімінің мамандары, қала әкімі мен орынбасарларының қабылдауына жазатын жауаптылар да бар. Құжаттар жинақтау мәселесін жеңілдету мақсатында ХҚКО мамандарына да осы жерден орын табылған.
Айта кету керек, жаңа жобаның құрылысына бюджеттен қаржы шығындалмаған.
Қараша айында басталған құрылыс жұмыстары жоспарлы аяқталып, бұрынғы тұйық кабинеттер орнына әйнекпен өзара бөлінген бірнеше бөлме пайда болған. Оперциялық зал мен күту залы бірге.
Фронт-офис ішінде азаматтардың электронды үкімет көмегімен өзіне–өзі қызмет көрсету бөлмесі де бар. Бұдан бөлек балалар ойын бұрышы мен кофе–рум да келушілердің қолайлығы үшін жасалған.
Әйнектерден жасалған кеңселерде қала әкімінің орынбасары мен бірнеше бөлімдер ашық үлгіде жұмыс жасайды.