Ескі көліктерді қабылдау уақытша тоқтатылады

Еліміздегі ескі көліктерді қабылдау бекеттерінің жұмыс кестесіне өзгерістер енгізілді. Бұл туралы «ӨКМ Операторы» баспасөз қызметі хабарлады.
Мұндай шешім істен шыққан 40 мың бірлік техниканы жоюға қабылдау бойынша жылдық жоспар мерзімінен бұрын орындалуына байланысты қабылданған.

23 желтоқсанда Қазақстанның 17 өңіріндегі ескі көліктерді қабылдау бекеттері тозығы жеткен жеңіл, жолаушылар және жүк көлігін қабылдауды аяқтайды. Автокөлік иелерінің өтініштері электрондық кезекке сәйкес сағат 17:00-ге дейін өңделеді.

24–31 желтоқсан аралығында қабылдау бекеттерінде жиналған техниканы сығымдау және Қарағанды облысындағы кәдеге жарату зауытына тасымалдау процесіне дайындау жүзеге асырылады. Сондай-ақ, істен шыққан ауыл шаруашылығы техникасын қабылдау бойынша квота толық игерілген.
Айта кетсек, ескі техниканы тапсыруды ынталандыру бағдарламасы келесі жылы да жалғасын табады.