144 пәтердің кілті табысталды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Атырау қаласының Береке шағынауданда салынған үйлердің пәтер кілттері табыс етілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Іс-шараға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысып, тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады.
144 пәтер «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған көпқабатты тұрғын үйден берілді. Баспаналы болғандардың басым көпшілігі мемлекет қамқорлығы санатына жататын аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен жетім балалар.

– Мемлекет басшысы халықтың аз қамтылған тобын баспанамен қамтуға ерекше көңіл бөлуді тапсырған еді. Биыл ұзақ жылдар қиналып келген біраз жерлесіміз баспаналы болды. Бұдан тыс жыл аяғына дейін ұзақ уақыт кезекте тұрған азаматтар мен апатты жатақхана тұрғындарының біразын жаңа үйлерге көшіреміз. Жерлестерімізді қуанышқа кеңелту жұмыстары баспанаға мұқтаж отбасылардың мәселесі толық шешілгенге дейін жалғасады, – деді өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов.

Жыл басынан бері кезекте тұрған 363 отбасы жаңа қонысқа ие болған. Одан бөлек апатты үйлер мен жатақханаларда тұратын 481 отбасы да баспаналы болды.