Қазақстанда әскери роботтар жұмыс істейді
Қазақстанның Қарулы Күштерінде Әскери роботтар кеңінен қолданылып жүр. 2015 жылдан бастап ҚР Қарулы Күштерін жарақтандыруға жерүсті, теңіз және әуе мақсатындағы робототехникалық құралдар алынуда.
2019 жылы Бас штабта робототехникалық жүйелерді дамыту және оларды қолдану басқармасы құрылған. Басқарма мамандары жаңа технологияларды енгізу және қолдану бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Олар оқу орындарымен және қорғаныс-өнеркәсіптік кешенімен өзара тығыз байланысып, ғылыми кәсіпорындармен бірлесіп роботтардың тәжірибелік үлгілерін әзірлеуге қатысады.
Ел әскерінің қару-жарағында бүгінде роботтардың жердегі және теңіздегі екі түрі бар.
Мәселен «Eye Drive» телебасқарылатын шағын роботтың салмағы – үш келі. Ол нашар қиылысқан жерде, қалалық инфрақұрылым мен үй-жайларда нысандар мен аумақтарды бейне және аудиобарлауды жүргізеді. Роботты ғимаратқа жіберу арқылы, сол жердің ақпаратын 50 метрге дейін қашықтықтағы оператордың планшетіне жеткізеді. Ашық жерде шағын роботтың радиусы 300 метрден асады.
Жеңіл класты мобильді роботтандырылған «tEODor» кешені минадан тазарту жұмыстарын жүргізу кезінде пайдаланылады. Ол жарылғыш құрылғыны анықтап, оператордың басқаруымен оны басқа жерге көшіру үшін арнайы контейнерге салады. «tEODor» жүз килограмға дейін салмақты көтеріп, оны 200 метрден екі шақырымға дейін жылжытуға қабілетті.
Минатралды корабль базасында орналасқан «k-Ster-I» суасты робот-инспекторы теңіз түбінің ландшафтын зерттейді, жарылыс қаупі бар заттарды табады және олардан алған деректерді операторға береді.
Минаға қарсы қашықтықтан басқарылатын «k-Ster-с» су асты аппараттары 300 метрге дейінгі тереңдіктегі су асты миналарын жоюға арналған. Олар тасымалдаушы кемеден бір шақырым қашықтықта жұмыс істей алады.
Жердегі және су астындағы тапсырмаларды орындай отырып, ең қиын жерлерде, әскери роботтар жеке құрам арасындағы шығындардың алдын алуға және бөлімшелердің жауынгерлік қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.