Жалған нөмірмен жүрген 24 жүргізуші анықталды
Облыс полиция департаменті бастығының нұсқауына сай, патрульдік полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды, атап айтқанда, мемлекеттік тіркеу белгілері жалған, қолдан жасалған көліктерді анықтау жұмыстарын жүргізуде.
Геолог ықшамауданында Ресей мемлекетінен әкелінген «Toyota Camry» автокөлігі тоқтатылып, тексеріс кезінде көліктің мемлекеттік нөмірі жалған екендігі анықталды.
24 жастағы жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлімімен «Көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірі бергілері бар көлік құралын басқарған» әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданған.
– Сот шешімімен азамат 1 жыл мерзімге жүргізуші құқығынан айырылды. Сондай-ақ, бұл баптың санкциясында 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделген, – деп атап өтті патрульдік полиция батальонының командирі Нұрлан Сарсенбаев.
Жалпы жыл басынан бері Атырау қаласында патрульдік полиция қызметкерлерімен жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрлерімен, сондай-ақ, мемлекеттiк тiркеу нөмiр белгiлерiнің түрін өзгертетін, жасыратын құрылғылар мен материалдармен жабдықталған көлiк құралдарын басқарған 24 жүргізуші анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.