Исатайда 60 пәтерлі үш тұрғын үй салынуда

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Исатай ауданының әкімі Марат Мурзиев Исатай ауданында жүзеге асып жатқан бағдарламалар туралы айтты.

– Биыл Исатай ауданы бойынша «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 3 жоба жүзеге асырылуда. Соның негізінде Жанбай ауылында ауылішілік автомобиль жолдарын жөндеу, денешынықтыру-сауықтыру кешені, газ желісі құрылысының жұмыстары жүргізілуде, – деді аудан әкімі.

Аталған бағдарлама аясында атқарылып жатқан жобалардың бірі – Жанбай ауылында автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары.
Бүгінде жөндеу жұмыстары басталып кеткен нысанның аяқталу мерзімі – 2021 жыл. Екінші жоба – Жанбай ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы. Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың қазан айында басталса, аяқталу мерзімі 2021 жылдың наурыз айы деп болжануда.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылған Жанбай ауылындағы газ желісі құрылысы бүгінде аяқталған. Оның ұзындығы – 8,6 км., газ желісімен қамтылатын үйлер саны – 205.

Бұдан бөлек, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында үш қабатты 60 пәтерлі үш тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.