Биыл 12 671 тонна балық ауланған
Кеше аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен өткен сессия отырысында балық ресурстарын қорғау, өсімін молайту және пайдалану бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды.
⠀
Атырау облысы балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының мәліметінше, өңірде 18 табиғат пайдаланушылар балық аулаумен айналысады.
⠀
– Биылғы жылдың ақпан–қараша айларында 12 671 тонна балық ауланды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 641 тоннаға артқан. Салада 5 мыңға жуық адам еңбек етеді. Оларға 722 жүзбе құралдары тіркелген, – деді Атырау облысы балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.
⠀
Осы ретте депутаттар тарапынан тоған жұмыстарын дамыту мен заңсыз балық аулаушылармен күресті күшейту туралы ұсыныстар түсті.
⠀
Сессия барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бір топ азаматқа «Атырау облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылданып, құрметті атақ еңбек ардагерлері Нұғман Қарабалин, Қуанышкерей Самешұлы, Жайдарбек Зайдуллин, Қуандық Медеуов, Төкен Жұмағұлов, Мақсот Қилыбаевқа берілді.