«Сергек» – қылмыстың ашылуына сеп
Бұл туралы өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев мәлімдеген.
⠀
– 10 қыркүйек пен 25 қараша аралығында «Сергек» арқылы 23 483 жол жүру ережесінің бұзылғандығы анықталды. Осыған сәйкес, 190 млн. 751 мың теңге айыппұл салынды. Аталған құрылғының көмегімен жол көлік оқиғалары 27 пайызға кеміді. Сондай-ақ, бұл құрылғылардың қылмысты ашуды 65 пайызға арттыруға, әкімшілік құқық бұзушылықты анықтауды 17 есе өсіруге, жол-көлік оқиғасы салдарынан болатын өлім-жітімді 45 пайыз төмендетуге көмегі бар екендігін күнделікті тәжірибе көрсетіп отыр, – деді спикер Әсет Оразғалиев.
⠀
Бүгінгі таңда Атырау қаласында жол қозғалысын бақылау мен құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында 51 көше қиылысына, 153 тіке жолдарға, 1 224 суретке түсіру және бейнежазба жазу, 774 қоғамдық қауіпсіздікті бақылайтын бейнебақылау камерасы орнатылған.