«Елбасы қазақстандық жастардың болашағына жол ашты»
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні — елімізде жыл сайын 1 желтоқсанда аталып өтілетін мемлекеттік мереке. Дүниежүзінің кей елдерінде бұрыннан бар бұл дәстүр Қазақ елінде де өзінің лайықты орнын тапты.
Әрине, таңдау бұл күнге тегіннен-тегін түскен жоқ. Сонау 1991 жылдың 1 желтоқсаны күні Қазақстанда алғашқы президенттік сайлау өтіп, онда Нұрсұлтан Назарбаев халықтың зор сенімінің арқасында жеңіске жеткен еді.
Мемлекет билігін қолға алған сол бір қиын-қыстау кезеңдерден бастап ҚР Президенті атқарған игі істер ұшан-теңіз.
Ел атауы Қазақстан Республикасы болып өзгерді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң 1991 жылғы 16 желтоқсан күні қабылданып, осы заң негізінде еліміз өзінің Тәуелсіздігін баршаға жария етті.
Ұлттың қамын ойлап, дамудың келешегін болжай білген Елбасы жас мемлекетті санаулы жылдар ішінде әлемдегі экономикасы орнықты елдердің қатарына қосты. Бүгінде әлемнің 180-нен астам елімен дипломатиялық қатынастамыз.
– Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, – деп Н.Назарбаевтың өзі айтқандай, қазақ халқы бір Тудың астына жиналып, тұғыры биік, ынтымағы жарасқан ел бола алды. Содан бері көк Байрағымыз әлем елдері туларының қатарынан өз орнын ойып алып, асқақтай желбіреп тұр.
Елбасы айтқандай, қазақ халқы – білімге, ғылымға құмар халық. Сауаттылық деңгейі бойынша қазір Қазақстан әлем елдері арасында алдыңғы орындар қатарында.
«Болашақ» бағдарламасымен мыңдаған жас шетелдердің үздік университеттерінде білім алып, елге заман талабына сай озық маман болып оралуда. Сондай-ақ, жаңа технологияларды батыл игере бастады. Уақыты келіп дамыған елдердегідей білікті мамандарды даярлау ісі елімізде де қолға алынды. «Назарбаев Университеті» талантты жастардан жыл сайын түлектерін ұшырып отырса, «Назарбаев зияткерлік мектептері» барлық өңірлерде білім іздеген жас ұрпаққа есігін айқара ашуда.
Барлық оқу орындары сияқты С. Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінде де тұңғыш Президент күні мерекесі жыл сайын жоғары деңгейде атап өтіледі.
Биыл да тағылымы мол іс-шаралар өткізілді. Тек бөлімдер бойынша өткізілген «Тұңғыш Президент: Тұлға, Тарих, Тағылым» танымдық сағаты, «Тәуелсіз елдің білімді ұрпақтары» брейн-ринг зияткерлік ойыны, «Ел ертеңін ойлаған Елбасы» онлайн-конференциясы, «Мен президент болсам…» пікірсайысы, «Тұңғыш Президент күні» тақырыбында дөңгелек үстел мен Елбасының өмір жолына арналған электронды кітап-көрмесі студенттер мен қызметкерлер үшін мереке мәнін жаңа қырынан аша түскен шаралар болды. Ал мерекеге байланысты ұйымдастырылған бейнеқұттықтау мен әскери-спорттық жарыстар бәрінің мазмұнын толықтыра түсті.
Н.Ә.Назарбаев – ел деңгейінен асып, төрткүл дүние мойындап таныған биік тұлға. Оның құрметіне арналған бұл мереке – басқа мерекелермен салыстырғанда жас болса да ел санасына толық сіңіп, маңызы мен мәнін көрсете алған ерекше күн.
Жұлдыз ШАГИРОВА, С. Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі директорының орынбасары.