Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кресло-арба берілуде
Қазақстанның бірқатар өңірінде мүгедектігі бар адамдарға электр жетегі бар кресло-арба берілуде. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Жыл соңына дейін облыстар және республикалық маңызы бар қалаларға ересектер мен ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған 1 381 арба жеткізу жоспарланып отыр.
Мүгедектер арбасын өндіруші «Тыныс» АҚ «Қазақстан Инжиниринг» ҰК –нің еншілес ұйымы болып табылады. Тауар өндіру кезінде қазақстандық қамту үлесі 75% болса, жалпы салмағы – 75 келі, жүру қашықтығы 25 шақырымнан асады, жүк көтеруі 140 келіге дейін. Бұл – қазақстандық конструкторлардың өздері құрастырған өнім.
Бүгінгі күні мемлекеттік тапсырысты орындау шеңберінде жеткізуші 817 кресло-арбаны Ақтөбе, Алматы, Атырау, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, СҚО, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларына жіберген.
Жылдың соңына дейін тағы 564 электр жетегі бар кресло-арбаны жеткізу жоспарланып отыр.
Бұл шара ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға ыңғайлы және өз бетінше қозғалуға мүмкіндік беріп, олардың әлеуметтенуін арттырады.