Терезеден қоқыс тастаған тұрғынға айыппұл салынды

Нұрсая ықшамауданының тұрғыны көпқабатты үйдің терезесінен белгісіз адамның қоқыс тастаған бейнежазбасын учаскелік полиция инспекторларының тұрғындармен ашқан ортақ чатқа жіберген.
Тексеріс кезінде қоқысты лақтырған 61 жастағы тұрғын анықталып, оған қатысты, ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабының 1-бөлімімен «Ортақ пайдалану орынын ластағаны үшін» әкімшілік хаттама толтырылды. Кінәсін мойындап, өкінген түрғынға 50 пайызға қысқартылған түрде 6 945 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ, учаскелік полиция қызметкерлері Жұмыскер ауылы, Сатыбалдиев көшесіндегі азық-түлік дүкені тұсында орналасқан қоқыс жәшігіне үлкен көлемде құрылыс қалдықтарын төгіп жатқан Газель автокөлігін анықтады. Көліктің 20 жастағы жүргізушісіне де дәл сол баппен әкімшілік хаттама толтырылып, 13 890 теңге айыппұл салынды.
Атырау қаласында жыл басынан ортақ пайдаланылатын орындарды ластап, белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастаған 1 500-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталса, оның 200-і – осы ісін қайталағандар. Оларға ҚР ӘҚБтК-нің 434-2 бабының 2-бөлімімен «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау, яғни, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер» әкімшілік хаттама толтырылып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.