2 миллион теңгеден аса айыппұлы бар жүргізуші ұсталды
Атырау–Доссор тас жолы бойында патрульдік полиция қызметкерлерінің тоқтату талабын орындамаған «Toyota Camry» автокөлігі қала маңындағы Жұлдыз ықшамауданында тоқтатылды. Тексеру барысында көліктің мемлекеттік белгісі жалған екені анықталды.
24 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы 1-бөлімі «Полиция қызметкерінің көлік құралын тоқтату талабын орындамау», 590-бабының 5-бөлімінің 17.7-тармағы «Сыртқы жарық беру аспаптар деректері көлік құралының конструкция талаптарына сай келмеуі», 590-бабының 5-бөлімі 7.4-тармағына сай «Алдыңғы әйнегін қараңғылату», 595-бабының 1–бөлімі «Жол жүрісі қағидасын бұзу», 599-бабының 1-бөлімі «Бағдаршамның тыйым салынған түсінен өту», 606-бабының 1-бөлімі «Жол апатын тудыру», 593-бабының 2-бөлімі «Қауіпсіздік белдігін тақпау» бойынша 7 әкімшілік хаттама жасақталып, 180 570 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Одан бөлек, ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлімімен «Жалған мемлекеттік белгі орнату», 596-бабының 3-бөлімімен «Жолдың қарсы бағытына шығу» бойынша тағы 2 әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған іс-құжаттар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Сонымен қатар, аталған автокөліктің жалған мемлекеттік белігісінде 2 млн. 391 858 теңгеге салынған 104 айыппұл, өзіне тіркелген мемлекеттік белгісінде 272 мың 244 теңгеге салынған 12 айыппұлы бар екендігі анықталды. Екі миллионнан аса қарызы бар автокөлік айып тұрағына қойылып, жүргізушісі жедел-тергеу тобына тапсырылды.