Оқушылар «Үш ізгі іс» акциясын бастады
Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары дәстүрлі «Үш ізгі іс» қайырымдылық акциясын бастады. Бұл туралы мектептің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқушылардың бойында отансүйгіштік, қамқорлық және ізеттілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік шараға мектептің 7 – 10 сынып оқушылары белсенді қатысуда.
Қоғамға қызмет бағыты бойынша жүзеге асып отырған дәстүрлі «Үш ізгі іс» акциясын оқушылар Атырау облыстық балалар оңалту орталығынан бастаған. Денсаулығында ақауы бар және ерекше білімді қажет ететін балаларды тәрбиелеумен айналысатын облыстық арнаулы мекеменің ашылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Осыған орай атыраулық оқушылар оңалту орталығының директоры Бибігүл Жұмалиевамен кездесіп, орталықтың жиырма жылдығымен құттықтады. Сон дай-ақ, орталық балаларына арналған шағын базарлық ұйымдастырып, кішкентай достарына сыйлықтар табыстады.
Оқушылар аталған акция аясында иесіз қалған жануарларға қамқорлық танытты. Жүзден астам ит пен мысықтың тұрғылықты мекеніне айналған орталыққа Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары бір жолғы азықпен көмектесті. Және тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, жануарлар үйінің еріктілеріне қолдау білдірді. Осылайша бір күнде акцияның екі ізгі ісі ойдағыдай аяқталды.
Ал соңғы үшінші ізгі шараға оқушылар 13 қараша – Халықаралық зағип жандардың күніне орай «Қазақ соқырлар қоғамына» баруды жоспарлап отыр.