Қос азаматтықпен жүрген азаматшаға 500 000-нан астам айыппұл салынды
13 жыл бойы заңсыз қос азаматтықпен жүрген облыс тұрғынына 500 мың теңгеден астам айыппұл салынды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 1963 жылғы азаматша 1998 жылы Ресей азаматына тұрмысқа шығып, Ресей Федерациясына көшіп кеткен. 2007 жылы РФ азаматтығын қабылдаған, алайда басқа елдің азаматтығын алғаны туралы отыз күн ішінде елшілікке немесе ішкі істер органдарына хабарламаған.
Сонымен қатар, ол осы уақытқа дейін ҚР азаматының жеке куәлігін тапсырмаған.
Тексеру барысында, оның 2012 – 2019 жылдар аралығында Қазақстан аумағына бірнеше рет келіп, елден Ресей Федерациясының паспортымен шыққаны анықталып отыр. Құрманғазы аудандық полиция бөлімімен азаматшаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабының 2-бөлігі «ҚР заңнамасында белгіленген мерзімдерде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламау» бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.