Индерде оқушыларға қажетті техника мәселесі шешілуде
Индер ауданында 615 оқушыға компьютер мен 388 оқушыға интернет қажеттілігі туындаған.
Аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашеваның айтуынша, бүгінде бұл мәселелер шешімін табуда.
– Ауданға 240 планшет пен 200 компьютер келді. Сондай-ақ, қайтарымды есеппен ноутбук пен мектеп компьютерлері берілді. Олар ең алдымен әлеуметтік осал топ пен озат оқушыларға беріледі. Тағы 1 065 ноутбук келеді деп күтілуде. Келген бойда оларды да үлестіреміз, – деді ол өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз маслихатында.
Сондай-ақ, онлайн брифингте мектептерге бөлінген қаражат мәселелері де сөз болды.
– Білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылының күзгі, қысқы дайындығына жергілікті бюджеттен 13 млн. 956 мың теңге, мектептердің жөндеу жұмыстарына 5 млн. 572 мың теңге, іште әжетханасы жоқ 4 мектепке әжетхана салу үшін 14 млн. 285 мың теңге, қолданыстағы әжетханаларды құрал-жабдықтармен қайта жаңғырту үшін 14 млн. 370 мың теңге бөлінді. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарына қажетті 189 бейнебақылау камерасын алу үшін 14 миллион 772 мың теңге қаржы бөлініп, олар бүгінде мақсатты игерілді, – деді Орынша Ділмұқашева.