Атыраулық ұстаздар – Ұлыбритания ұйымдастырған байқаудың жеңімпазы
Британдық Кеңестің ағылшын тілі мұғалімдері үшін алғаш рет ұйымдастырған «Ағылшын тіліндегі үздік бейне сабақ» байқауында атыраулық мұғалімдер топ жарды. Бұл туралы облыстық Білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Байқау «English for Success» жобасы аясында Атырау және Маңғыстау облыстарының білім басқармаларымен және «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылық қолдауымен өткізілген.
Финалға жеткен 30 қатысушының 12-сі ауыл мұғалімі. Солардың арасынан облыс бойынша Ұлдана Наурызбаева жүлделі бірінші орынға ие болса, екінші орынды Инга Құдайберген және Жанар Бақтыгереева еншіледі. Жүлделі үшінші орынға Әсел Халықберген ие болды.
Жеңімпаз Ұлдана Наурызбаеваның айтуынша, бұл байқау қашықтан сабақ беру үшін де, дәстүрлі оқыту үшін де пайдалы болмақ.
Алғашында ұстаздар ұлыбританиялық сарапшы, Уорвик университетінің қолданбалы лингвистика орталығының директоры Пенни Мозавиан өткізген онлайн-тренингке қатысқан. Тренинг аяқталғаннан кейін мұғалімдерге өз сабақтарын құруға және Британдық Кеңестің Қазақстанда ағылшын тілі мұғалімдері үшін алғаш рет ұйымдастырған «Ағылшын тіліндегі үздік бейне сабақ» байқауына қатысуға ұсыныс жасалды.
Бұл байқау ҚР Білім және ғылым министрлігінің сапалы бейне сабақтарын құру, жобаны қаржыландырудың географиялық шекараларын кеңейту және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мұғалімдерге қолдау көрсету бастамасын қолдауға бағытталған.