Аймақтың әскери-патриоттық клубтары кезең жеңімпазы атанды
Атырау қаласының әскери-патриоттық клубтары «Айбын» республикалық байқауының кезең жеңімпаздары атанды. Бұл туралы Атырау гарнизонының баспасөз қызметі хабарлады.
Олар – «Батыс» өңірлік қолбасшылығының «Батыс» және Атырау облыстық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының «Махамбет» әскери-патриоттық клубы.
Аталмыш жиынға еліміздің барлық аймағынан 39 команда қатысуда. Оның ішінде республикалық «Жас ұлан» мектептері, облыстық әскери мектеп-интернаттары, Қарулы Күштердің әскери-патриоттық клубтары, ҰҚК-нің Шекара қызметі, ІІМ-нің Ұлттық ұланы сияқты әскери құрамалар бар. Қатысушылардың жалпы саны – 585 адам.
Атырау гарнизонының атынан шыққан екі команда да әртүрлі санаттарда сынға түсті. «Батыс» командасы өңірлік қолбасшылар және Қарулы Күштердің басқа да әскерлер командаларымен сайысса, «Махамбет» командасы өзге облыстардың қорғаныс істері жөніндегі департамент командаларымен күш сынасқан.
Конкурс екі кезеңнен тұрды. Басында қатысушылар жиынның ресми сайтында орналастырылған видео сабақтар бойынша дайындалса, екінші кезеңде командаларға әр түрлі төтенше жағдайларға арналған ситуациялық тапсырма берілген. Атыраулық командалар «есін жоғалтып алу» және «ашық қан кету» тапсырмаларын айыппұл баллдарынсыз үздік нәтижемен орындап, жеңіске жетті.
Бүгінде екі команда да жеңіс үшін күресті әлі жалғастыруда. Соңғы кезеңдерде олар әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарысса, ал ақтық ойында «Брейн-ринг» ойынында күш сынасады.
Координациялау мақсатында Нұр-Сұлтандағы Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында фронт-офис құрылып, онда барлық қатысушылардың ойыны Led-экран арқылы таратылады.