Интернет-алаяқтық қарқын алуда
BAQ.KZ-тің хабарлауынша интернет-алаяқтыққа қарсы күрес туралы брифингте ҚР ІІМ криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Омарбеков интернет-алаяқтықтың дамуы туралы айтты.
– Әлемде жоғары технологияны енгізу жүріп жатыр. Киберсалада ақпаратқа қол жеткізу артты. Бұл интернет алаяқтардың қызығушылығын арттырып отыр. Үш жылда аталған қылмыстың саны 3 мыңнан 8 мыңға артты. Биыл ішкі істер министрлігі 1 700 интернет-алаяқтықтың бетін ашты. 400-ге жуық адам ұсталды. Көп қылмыс трансшекаралық сипатқа ие. Көп адам өзінің шығынын мардымсыз санап, полицияға жүгінбей жатады. Бұл қылмыстарды ұстауға кері әсерін тигізеді. Алаяқтар одан әрі бейімделіп, бағдарламаларын тереңдете түседі, – деді ол.
Оның айтуынша, интернет-алаяқтыққа қатысты қылмысты ашу өте қиын процесс. Қылмыскерлер әдістерін жиі өзгертіп, телефон номерлері мен серверлерді ауыстырып отырады. Біздің ел өзге елдерге халықаралық өтініммен шығып, серверлерді анықтауды жүзеге асырады екен. Процесс өте күрделі және ол көп уақытты қажет етеді.